Цифрлық даму министрлігі газет-журнал тарату қызметін басқа министрлікке бермекші

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте «Қазпошта» қызметін дамытуға арналған заң жобасы талқыланып жатыр. Іс-шара кезінде газет-журналдарды тарату субсидиясының күрт қысқарғаны белгілі болды.

газета
Фото: freepik.com

Депутат Аманжол Әлтай «Қазпоштаның» басылымдарды жеткізу шығынын субсидиялау функциясын Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне беру туралы мәселе көтерді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.

«Бұрын біздің министрлік Мәдениет министрлігімен біріктірілген болатын. Бір министрлік болғандықтан субсидияны бірден бердік. Қазір екі министрлік бөлек-бөлек шықтық. Сондықтан осы басылымдарды тарату қызметтерін негізінде Мәдениет және ақпарат министрлігі өзіне алу керек. Мен солай ойлаймын», - деді вице министр.

Оның сөзінше, соңғы бір жылда газет-журнал тасымалының субсидиясы 3 есе қысқарып қалған.

«Біз жыл сайын бюджеттен 10 млрд теңгедей қаражат алатынбыз. Оны түгел субсидияға береміз. Бірақ биыл бізге 3 млрд теңге ғана берілді. Яғни, басылымдарды жеткізу субсидиясының көлемі бізге байланысты емес», - деді Асхат Оразбек.

Соңғы жаңалықтар