Цифрлық даму министрлігінің кей функциясы Ғылым министрлігіне беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірқатар функциясы Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетін болды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ЦДИАӨМ-нің негізінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. Бұл ретте инновациялық саясат жөніндегі функциялар ҒЖБМ-ге берілетін болады. Жарлықтың жобасы органдардың келісуінде жатыр, — деді Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Мәдиевтің бұл сөзін Ғылым және жоғары білім министрі де өз баяндамасында нақтылап өтті.
— Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілуде. Берілетін бағыттар келесіні қамтиды:
— инновациялық гранттар беру;
— өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыру;
— инвестициялық қорлар құру;
— арнайы экономикалық аймақтарды дамыту;
— акселерация және бизнес-инкубациялау;
— білім беру және ғылыми-технологиялық бағдарламаларды енгізу, — деді Саясат Нұрбек
Айта кетейік, бұған дейін елімізде 5 жыл ішінде 1 млн адам түрлі бағдарламалар арқылы ЖИ дағдыларын үйренетінін жазған едік.