Цифрлық инклюзия конференцияcы: Халықаралық іс-шара қатысушыларына виза берудің ерекше тәртібі белгіленді

виза
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Заңның мақсаты – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау. Келісімде 2024 жылғы қыркүйектің 3-5-і аралығында Астана қаласында өтуі тиіс конференцияны өткізу мерзімі мен орны белгіленген.

Келісімде мынадай өкілдердің немесе байқаушылардың: ЭСКАТО мүшелері мен қауымдастырылған мүшелерінің; басқа мемлекеттердің; Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясынан байқаушылар ретінде конференцияларға қатысуға тұрақты шақырулар алған ұйымдардың; Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған және аралас мекемелерінің; басқа да үкіметаралық ұйымдардың; Біріккен Ұлттар Ұйымының үкіметаралық органдарының; үкіметтік емес ұйымдардың; Біріккен Ұлттар Ұйымы хатшылығының лауазымды адамдарының; Біріккен Ұлттар Ұйымы шақырған басқа адамдардың қатысуы көзделеді.

Сонымен қатар келісімге сәйкес виза берудің ерекше тәртібі белгіленеді. Жоғарыда аталған барлық адам Қазақстанға кедергісіз кіруге және шығуға құқылы болады. Визалар мен кіруге рұқсат қажет болған жағдайда тегін, өте қысқа мерзімде және конференция ашылғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей беріледі.

Келісімге сәйкес Қазақстан Үкіметі бейресми отырыстар өткізуге арналған конференц-залдарды, конференциялық қызметтік үй-жайларды, жұмыс үй-жайларын және басқа да тиісті үй-жайларды қоса алғанда, қажетті үй-жайларды беретін болады.

Сонымен қатар:

- төтенше жағдайлар туындаған кезде конференцияға қатысушыларға алғашқы көмек көрсету үшін қажетті медициналық қызмет көрсету;

- көлікпен қамтамасыз ету;

- кез келген араласуды болдырмайтын қауіпсіздік пен тыныштық атмосферасында конференцияның тиімді жұмыс істеуі үшін полиция күзеті және басқалармен қамтамасыз ету көзделген.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum