Цифрлық карта бизнеске сұраныс бар аумақтарды анықтауға мүмкіндік береді – Әсет Тұрысов
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы сауда саласын талдауды жақсартып, кәсіпкерлерге нарықтағы мүмкіндіктерді анықтауға көмектеседі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
Оның сөзінше, цифрлық карта кассалық тәртіп, қаржы ағындары және чектердің берілуі туралы деректер негізінде қалыптастырылады.
Жүйе ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен чектердің берілу тиімділігін талдауға мүмкіндік береді.
- Чектердің берілуі қаншалықты тиімді, ұсынылған мәліметтер қаншалықты шынайы – мұның бәрін жүйе арқылы саралауға болады. Бұл тек әкімшілендіру құралы емес, жасанды интеллект көмегімен сауда саласындағы талдауды дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Әсет Тұрысов жасанды интеллектінің шағын және орта бизнес үшін де маңызды екенін атап өтті.
- Чектер мен электрондық шот-фактуралар деректерін талдау арқылы белгілі бір аумақта дәріхана немесе наубайхана ашуға сұраныс бар-жоғын алдын ала бағалауға болады, – деді вице-министр.
Министрлік бұл құрал бизнеске шешім қабылдауды жеңілдетіп, нарық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға көмектесетінін мәлімдеді.
Бұған дейін бөліп төлеуге қосылу үшін бизнес қандай тексерістен өтетіні туралы жаздық.