Цифрлық теңсіздікті теңестіру - ЕЭК-тің негізгі міндеттерінің бірі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары қатысқан Digital Almaty форумының отырысында цифрлық жобаларды іске асыру және комиссияның міндеттері туралы айтты.
Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО елдері белгіленген заңнама аясында азаматтардың игілігі үшін цифрландырудың жаңа сапасына қол жеткізуі қажет деп санайды.
«Мен цифрландыру саласындағы кез келген бастама кең мағынада өмірлік жағдайдан туындауы керек деп ойлаймын. Мейлі ол өндірістік процестерді цифрландыру болсын, мейлі азаматтардың анықтамаларды алуы болсын. Сайып келгенде, интеграциялық үдерістердің бенефициарлары – бизнес пен азаматтар», - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекет басшылары цифрландырудың негізгі бағыттарын анықтап берді. Ал үкімет басшылары ЕАЭО-ны дамытудың 2027 жылға дейінгі мақсатты бағдарламасын бекітті. Осылайша, стратегиялық вектор белгіленді.
«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуде. Трансшекаралық сенім кеңістігі аясында G2G және B2G форматтарында өзара іс-қимыл орнатылды. Сондай-ақ B2B трансшекаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деп қосты спикер.
Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар цифрландырудың жағымсыз жағына – цифрлық теңсіздіктің артуына назар аударды.
«Комиссияның міндеті – нормативтік-құқықтық және инфрақұрылымдық қолдау арқылы цифрлық теңсіздікті теңестіру, бизнесті дамыту мен трансформациялау үшін шексіз мүмкіндіктер ашу, қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың өмірін жақсарту үшін жағдай жасауға үлес қосу»,- деді ол.