Тіс емдеткен 3 жасар қыздың өлімі: сот анестезиологке үкім шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жеке стоматология клиникасында 18 тісін емдеу кезінде көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты сот процесі аяқталды.
Жарияланған үкімге сәйкес, анестезиолог Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігінде көзделген айып бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты жұмысты атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты «Рақымшылық туралы» Заңының 2-бабының 1-тармағына сәйкес, ол негізгі жазасын өтеуден босатылды.
Бұл ретте, дәрігер жазасын колонияда өтемейді, бірақ үш жылға медицина саласында қызмет ету құқығынан айырылады.
Анестезиолог Қылмыстық кодекстің 317-бабының (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) 3-бөлігінде қарастырылған абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер бойынша айыпталды.
Сот отырысы барысында айыпталушы тағылған айыптаулармен келіспейтінін айтты. Сонымен қатар ол баланың ауруына қатысты хабарсыз болғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұл қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында болды. Үш жасар қыз тісін емдеу кезінде наркоздан оянбай қалған.
Айта кетейік, 2025 жылғы 23 маусымда Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды.
Бұған дейін Парламент Мәжілісінде рақымшылық жасау туралы заң жобасын талқылау кезінде босатылатын адамдардың саны белгілі болды.