Ту мен Елтаңбаны дайындауға лицензияны беру толығымен электрондық форматқа ауыстырылды

АСТАНА.  28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қазақстан  халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде олардың мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жоғарылатуды белгілеген болатын.

Ту мен Елтаңбаны дайындауға лицензияны беру толығымен электрондық форматқа ауыстырылды

Осыған орай,   «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология саласында көрсететін мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1129 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындау үшін лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензия төлнұсқаларын беру» мемлекеттік қызмет стандарты бекітілді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Мемлекеттік қызметтерді тиімді, уақтылы және қол жетімді ету үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесін енгізді. Онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындауға арналған лицензияны алу үшін азаматтардың өтініштері қабылданып, электрондық форматта қарастырылады», - делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта, Комитет жоғарыда көрсетілген лицензияны беруді тек электрондық форматта www.elicense.kz ақпаратттық порталы арқылы жүзеге асырады.  Халық үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары әрі қарай жалғастырылатын болады.