Туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастар қалалық емханаларда ем алатын болады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыстық туберкулезден емдейтін диспансерде туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастарды емдеу қызметі биылғы жыл соңында қалалық емханаларға берілетін болады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткізілген брифингте айтылды.
Онда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры Жұмағали Исмаиловтың атап өткеніндей, бұл қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін, былайша айтқанда, ауруы адамдарға жұқпайтын туберкулездің жабық түрімен сырқаттанатын науқастарды осы дерттің ашық түріне шалдыққандардан бөліп, амбулаториялық емдеу мақсатында жасалып отыр. «Ел үкіметі туберкулезді емдеудің 2016-2025 жылдарға арналған жаңа үлгісін мақұлдады. Соған сәйкес туберкулездің жабық түрімен ауыратындарды амбулаторлық емдеу жүйесін кеңейту қарастырылған. Мұндай аурулар туберкулездің ашық түрімен сырқаттанатындармен бірге емделсе, олардан ауру жұқтыруы мүмкін. Сондықтан енді олар тұрғылықты мекенжайлары бойынша емханаларда ем қабылдайтын болады», деді Ж.Исмаилов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, амбулаториялық ем алатындардың жағдайын учаскелік дәрігер мен фтизиатр бақылайтын болады. Ал туберкулезден емдейтін диспансерде оның ашық түрімен ауыратын науқастар қалады.