Туберкулезге қарсы іс-шаралар көлемі жеткіліксіз болып отыр - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.Қайырбекованың төрағалығымен селекторлық режімде туберкулезбен сырқаттанушылықты төмендету жөніндегі республикалық штабтың кеңейтілген отырысы болып өтті.

Туберкулезге қарсы іс-шаралар көлемі жеткіліксіз болып отыр - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі

Жиынға мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен.

Штаб отырысында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Т.Әбілдаев, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары А.Базылбеков, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілері баяндама жасады.

Салидат Қайырбекова Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде ұстанымын жақсартқанымен, туберкулездің дәріге төзімді түрімен сырқаттанушылық көлемінің артуы, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі туберкулезге шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмек жайы мамандарды алаңдатып отырғанын алға тартты.

Оған қоса, жиынға қатысушылар жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарын жылдам диагностикалау қондырғыларымен жабдықтау, науқастарды әлеуметтік қолдау, туберкулезге қарсы бірқатар ұйымдардың материалдық-техникалық базасын инфекциялық бақылау талаптарына сәйкестендіру сияқты туберкулезге қарсы іс-шаралар көлемінің жеткіліксіз болып отырғанына аударды.

Республикалық штаб шеңберінде ҚР ДСӘД бірінші вице-министрі Медициналық қызметті бақылау комитетіне пенитенциарлық жүйенің туберкулезге қарсы мекемелеріне тексеру жүргізуді тапсырды.