Туберкулезге шалдыққан қаңғыбастар әлеуметтік орталықтарға неліктен жатқызылмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Туберкулезге шалдыққан қаңғыбастарды әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарына орналастыру мүмкін емес. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туберкулезге шалдыққан қаңғыбастар әлеуметтік орталықтарға неліктен жатқызылмайды

«Туберкулез кезінде халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, сондай-ақ қолайсыз әлеуметтік және тұрғын үй жағдайларында тұратын туберкулезбен ауыратын науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында толық сауыққанға дейін фтизиопульмонология орталықтарында стационарлық жағдайларда емделуге жатады. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, олардың құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді министр жауабында.

Оның атап өтуінше, процестің белсенді сатысында туберкулезбен ауыратын науқастар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін уақытша болу ұйымдарына тұруға жіберілмейді. Себебі бұл медициналық қарсы көрсетілім болып саналады.

«Осыған байланысты туберкулезбен ауыратын, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды аталған ұйымдарға орналастыру мүмкін емес. Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамның уақытша болу ұйымдарына емдеу курсы аяқталғаннан және туберкулезден айыққаннан кейін жіберілуі мүмкін», - деді Тамара Дүйсенова.