«Түбі бір түркілер» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазушылар одағында Сейдін Бизақовтың «Түбі бір түркілер» атты монографиялық еңбегінің тұсаукесері өтті.

«Түбі бір түркілер» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері өтті

Жазушылар одағы ұйымдастырған жиынға автордың өзі және қатарлас қаламдастары, кітаптың шығуына ықпал еткен қонақтар, кітаптың редакторлары қатысып, кітап турасында ойларын ортаға салды. Түркі әлемінің тарихын жаңаша көзқараспен, тың деректерге сүйеніп, таптаурын болған даулы мәселелер­ді жан-жақты ашып берген автордың еңбегін сөйлеушілер бір ауыздан өте жоғары деп бағалады. Бұл ғылыми еңбектің дерекке бай екенін айта кету керек.

Тұсаукесер жиынын ашып, бастан аяқ жүргізіп отырған Жазушылар одағы басқарма­сы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Түркиядағы өкілі Мәлік Отарбаев, филология ғылымдарының докторы Телғожа Жанұзақов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, осы кітаптың шығуына ерекше еңбегі сіңген, басылуына жетекшілік еткен Ұлжалғас Есназаровалар аталмыш кітаптың бағасын, мән-мазмұнын, ертеңгі ұрпақ үшін маңызын саралады.

Кітаптың тағы бір жетістігі - үш тілде (қазақ, түрік, орыс) жарық көруі. Оған мұрындық болған ТҮРКСОЙ ұйымы. Ұйымның атынан сөйлеген Мәлік Отарбаев Түркі әлемі үшін маңызды мұндай еңбекті елеусіз қалдыруға болмайтынын айтты. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ ұйымының атынан тұсаукесерді ұйымдастырған Жазушылар одағына және басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің атына ағашқа ойып жазылған арнайы алғыс хат табыс етті.

Г.СЫДЫҚОВА