Түбiнде қазақ велошабандоздары «Тур де Франсты» жеңiп, Парижде Қазақстан байрағын желбiретедi - А. Винокуров

"Мен барлық шетелдiк жарыстарда Қазақстан атын, қазақ Туын биiк көтеруге тырыстым. 2006 жылдан берi бiз өзiмiздiң "Астана" велокомандасының сапында өнер көрсетуге мүмкiндiк алдық. Отанымыздың Байрағы түстес жейденi киген кездегі сезім намысыңды, жiгерiңді жани түседi, ұлы жеңiстерге итермелейдi", - деп бастады сөзiн А. Винокуров. Оның айтуынша, қазiргi уақытта талабы мен таланты қатар шапқан қазақ жастарын "Астана" сапына алу және халықаралық деңгейге көтеру мәселесi өте маңызды қатарға қойылған.
"Бiз бұл бағытта жұмыс жасап келемiз. Жас жiгiттер өсiп келедi. Ол үшiн уақыт қажет. Бiздiң командада шыңдалып жүрген 11 қазақстандық велошабандоз бар. Винчецо, Якоб, Микеле сынды грандтардан тәжiрибе жинақтауда. Олар қашан биiк жеңiстерге қол жеткiзетiнiн дөп басып айту қиын. Дегенмен ондай күн болары анық. Бiркүндiк жарыстарға келетiн болсақ, бiзде әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанған Луценко бар. Дания Турында оның алғашқы жеңiсiне куә болдық. Бұл оның кәсiби спорттағы алғашқы жеңiсi. Ол өзiне сене бастады. Сенбi күнi басталатын Вуэльта көпкүндiгiнде кезеңдердiң бiрiнде жеңiске жетiп, бiздi қуантады деп ойлап отырмыз. Сонымен қатар оның мiндетi Рио-2016 Олимпиадасына тыңғылықты дайындықпен бару", - деп атап өттi ол.
А. Винокуров келесi жылы "Астана" командасына тағы екi жас қазақ велошабандозы алынатынын да хабарлады және "Тур де Франсты" бағындыратын қазақстандық шабандоздың шығуы әбден мүмкiн екендiгiн де жеткiздi.
"Келесi жылы бiздiң команданың сапына тағы екi жас қазақстандық велошабандоз қосылады. Сондықтан өз iшiмiзден спортшыларды шыңдау жұмысы жасалуда. Бiз күндердiң күнiнде Тур де Франсты жеңiп, Парижде Италияның емес, қазақ Әнұранын шырқататын қазақ спортшысы шығады деп сенемiз, осы бағытта жұмыс атқарамыз, арманымыз сол", - деп түйдi сөзiн бас менеджер.