«Түбіртекті талап ет те - жүлдені ұтып ал!» науқаны басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл былтырғыдай «Түбіртекті талап ет те - жүлдені ұтып ал!» акциясының басты сыйлығы - автокөлік.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтетін кезекті республткалық науқан өткізуде. Бұл шара азаматтық белсенділікті арттыру, тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйінсек, Мемлекеттік кірістер комитеті қйымдастырып отырған науқанға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бұл үшін оған тұтынған тауар немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің суретін «Wipon» мобильді қосымша (Googleplay немесе Appstore) арқылы жіберу қажет.
Аталмыш акция 1-ші мамырда басталды және ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін өткізіледі. Ал ұтыс өз кезегінде ай сайын ойнатылады. Яғни, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында ай сайын жүлделердің ұтысы мен оларды табыстау өтеді. Бас финал, қалыптасып қалған дәстүр бойынша жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінің ғимаратында өтеді. Онда бағалы жүлделер, оның ішінде бас жүлде де ұтысқа салынады.
Ұтыс жеңімпаздары түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Бір қызығы, қазақстандық азамат қаншалықты көп түбіртек жіберсе, оның жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түспек.
2015 жылы басты сыйлық «Chevrolet» маркалы автомобилінің иегері Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына тапсырылған болатын. Сол жылы акция республика бойынша 1-сәуірден 30-қараша аралығында өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткізіліп отырған акцияның қорытындысы бойынша қатысушылар 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жыл ішінде өскен. Жеке кіріс салығы бойынша кіріс көздерінің салық салынбайтын кірісі 115,3 % (249 834,0 мың теңге) ұлғайды. Тіркелген бақылау-кассалық машиналар бойынша 193,4 пайызға артқан.
2016 жылы жеңімпаз чек иесі Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Chevrolet маркалы автокөліктің иесіне 596 теңгенің чегі жүлде сыйлаған. Айта кетейік, сол жылы науқанға 27 мыңдай қазақстандық қатысып, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына 1,5 млн. аса фискалды чек жіберген.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, әдеттегідей, биыл жеңімпаздарды анықтау үрдісінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін әрбір облыс пен Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің жанында арнайы комиссия топтары құрылады. Олардың құрамы кәсіпкерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұратын болады.
Айта кету керек, былтырғы жылдан бастап науқан толықтай автоматтандырылды. Енді тұрғындар өз чектерін бірыңғай мобильді қосымшаның көмегімен жүзеге асырады. «Wipon» компания директорының айтуы бойынша, «Wipon» қосымшасы барлық қолданушылар үшін тегін және кез-келген адамның қолдануына ыңғайлы форматта ұсыналады. Мысалы, ұтқан жағдайда қатысушының смартфонына автоматты түрде хабарлама келеді.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Түбіртекті талап ет те - жүлдені ұтып ал!» науқаны елімізде бірнеше рет өткізіліп, оң нәтижелерін беруде.