«Туған елге саяхат» балалар экскурсиялық пойызы жолға шығады

туған елге саяхат
Фото: Қазақстан теміржолшысы

АСТАНА. KAZINFORM — «Туған елге саяхат» балалар экскурсиялық пойызы жолға шығады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті.

«2016 жылдан бастап Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен „Туған елге саяхат“ балалар экскурсиялық пойызы жобасы іске асып жатыр. Бұл жоба осы күнге дейін 2 320 баланы қамтыды», — деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство ұсынған анықтамалық дерекке сәйкес, «Туған елге саяхат» — патриоттық жоба.

Оның аясында балалар пойызбен саяхаттай отырып, Қазақстан қалаларындағы тарихи ескерткіштермен, көрікті жерлермен танысады.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ Қайырымдылық жобаларының халықаралық форумында корпоративтік қайырымдылық аясында үздік деп танылды.

саяхат
Фото: instagram.com/tuganelge_sayahat

Ол жыл сайын іске асады. Тек 2020-2021 жылдары коронавирус пандемиясына байланысты жолға шыққан жоқ.

«Туған елге саяхат» жазғы танымдық-туристік пойызының бірінші рейсі 27 маусымда жолға шығады. 12 күн бойы балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр қалаларындағы танымал мәдени-тарихи орындарды аралайды. Экскурсиядан басқа жол бойы оқушылармен бірге тәлімгерлер мен педагогтар жұмыс істейді. Қызығушылық үйірмелері, зияткерлік және спорттық ойындар мен басқа да ойын-сауықтар қарастырылған. Екінші рейс осы жылғы 24 шілдеге жоспарланған. «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдайтын әлеуметтік жоба екі маусымда өтеді. ОГлардың әрқайсысына көпбалалы, аз қамтылған немесе толық емес отбасылардан шыққан 10-15 жастағы 200 бала қатысады. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балаларына басымдық беріледі», — деді министрліктен. 

Соңғы жаңалықтар
telegram