Тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының жобасы әзірленді

«Тұқыммен және тиісті материалмен қамтамасыз етуге бөлек тоқталғым келеді. Саланы сапалы тұқым материалымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Бұл құжат жобасы тиісті мемлекеттік органдарда келісуден өтіп жатыр», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, кешенді жоспар аграрлық ғылымды, селекцияны және бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуға, техника мен жабдықтарды жаңарту жөнінде шаралар қабылдауға, тұқым шаруашылығының тиімді жүйесін құруға бағытталған.

«Кешенді жоспардың жобасына тұқым шаруашылықтарын, питомниктерді, сорттарды зерттеу жүйесінің мекемелерін, тәжірибелік шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар енгізілген. Жекеше аттестатталған тұқым өндірушілерді жарақтандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидасына өзгеріс енгізіліп жатыр. Осы орайда селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын, сондай-ақ тұқым тазарту-сұрыптау жабдықтарын сатып алудағы шығындарды өтеу нормативін 25 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер қарастырылған», - деді министр.