Түлкібас ауданында суармалы жердің көлемі ұлғайып келеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Түлкібас ауданында ауылшаруашылық өнімінің көлемін өсіру үшін суармалы жердің аумағы ұлғайып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков  мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түлкібас ауданында суармалы жердің көлемі ұлғайып келеді

Аудан басшысының сөзінше, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» мекемесінен 2018-2023 жылдар аралығына 136,7 млн м3 ағын суды пайдалануға рұқсат алынған. Бұдан бөлек, ауданда ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Өнім көлемі ағымдағы  жылдың 10 айының қорытындысымен 29 892,2 млн теңгені құраған.

«Биылғы 10 айда 13 864,7 тонна ет, 43 738,3 тонна сүт, 14,5 миллион жұмыртқа өндірілді. Бұдан өзге, осы кезеңде 165 гектарға бау егу жоспарланса, меже 156,4 пайызға орындалған. Сонымен қатар, жаңғақ 257,5 гектарға, таңқурай 75 гектарға, 80,9 гектарға, жүзім  10 гектарға егілген», - деді Нұрбол Тұрашбеков.

Сонымен қатар, ауданда  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспарда 147 бас,  «Құлан» бағдарламасы бойынша 164 бас мал сатып алынған.  «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 450 бас мал алынып, жоспар 134,7 пайызға орындалған.

Аудан басшысының мәліметінше, Түлкібаста 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында 18 775,5 млн теңгенің өнімі өндірілген. Ал, бөлшек сауда тауар айналымы қорытындысымен 5 799 млн теңгені құрап,  өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан.

 «Түлкібас ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім 60 974,4 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, ауданға тартылған инвестициялар көлемі 8 129,1 млн  теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде 1 653,5 млн теңге -  республикалық бюджет есебінен, 2 752,6 млн теңге -  жергілікті бюджет есебінен, 3 722,7 млн теңге - кәсіпорындардан және халықтың өз қаржысы есебінен салынған инвестиция. Осы жылдың қорытындысымен 13 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді Нұрбол Тұрашбеков.