Түлкібастықтар ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өтті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түлкібас ауданының 90 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерейтой аясында аудандағы М.Дулати атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел - Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің тоқсан жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі - Түлкібас ауданы, Түркібасы аймағы Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі. Тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Әрбір той, жаңа жұмыстардың толағай, тірліктердің бастауы болуы тиіс», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Конференцияда облыс басшысы ауданның бір топ азаматтарын Алғыс хатпен марапаттады. Конференцияда қоғам қайраткері З.Тұрысбеков, ғалымдар М.Мырзахметов, Д.Қожамжарова және Д.Қамзабек баяндама жасап, жан-жақты талқыланып, талдады.
Мерекелік жиын Тұрар Рысқұлов ауылындағы «Тұңғыш Президент» саябағында жалғасын тапты. Саябақта өнерпаздар өз өнерлерін тарту етсе, спорттық жарыстар мен «Жайдарман» ойыны халықтың көңілін көтерді.
Сондай-ақ, мерекелік шарада аудан қолөнер шеберлері көрмесі қойылды. Мерекенің жалғасы республикаға, облысқа танымал әншілердің гала концертімен жалғасып, іс-шара соңы мерекелік отшашумен аяқталды.