Түлкібастың бағбандары 5 мың тонна «апорт» алмасын жинады

Түлкібастық шаруалар жыл соңына дейін 6 мың тонна «апорт» жинауға құлшынып отыр. Дәмі тіл үйірер алмалар бүгінде еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды қалалары мен өзге де облыс орталықтарына жөнелтілуде. «Апорттың» алма бауларынан босатылу бағасы келісіне 250 теңгені құраған.
Жалпы, аудан аумағында қазіргі таңда 75 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші агроқұрылым алма бауын өсірумен айналысады. Олардың дені «апорт» алмасынан бөлек, «голден делишес - золотой превосход» және «айдерет» атты сұрыптарын өсіреді. Бүгінге дейін «голден делишес - золотой превосход» алмасынан 4,6 мың тонна терілсе, «айдереттен» 5,4 мың тонна жиналып отыр.
Айта кетейік, 2017 жылы аталған алма түрлерінің жалпы көлемі 23 мың тоннаны құраған болатын. Ал, биылғы түсім мұнан да көп болмақ. Бау-бақша баптаушылар биыл 5 мың тоннаға артық алма жинап, 28 мың тоннадан астам жеміс тереміз деп жоспарлауда. Себебі, биылғы ауа-райы жеміс-жидекке қолайлы дейді бағбандар.
Жалпы, Түлкібас ауданында 3 мың гектардан астам алма бау алқабы болса, соның 2200 гектары жас баулар саналады. Мұнда барлық сиымдылығы 12,5 тоннаны құрайтын 7 көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймалар бар.