Түлкіні таяқпен ұрып өлтірген ауыл тұрғыны айыппұл төлейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында түлкіні таяқпен ұрып өлтірген ер адам күзетші болып шықты. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жедел іздестіру шаралары барысында аталған әрекетті жасаған адамның кім екені белгілі болды. Ол Қарағанды облысының Шет ауданы Ортау ауылының тұрғыны болып шықты. Ол күзетші болып жұмыс істейді. Заңсыз түлкі аулаған азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы құқықбұзушының табиғатқа келтірген шығынын төлеттіру жұмысын жүргізбек. Нақтырақ айтқанда, құқықбұзушы 18370 теңге төлейді.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде ер адам түлкіні таяқпен соғып алған видео тараған болатын. Ер адам бейнежазбада көрсетілгендей, бірінші соққыдан соң сереңдеп жатқан түлкіні тағы екі мәрте ұрып өлтірген.