«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы бар Wi-Fi желісін орнату жоспарланды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Тұлпар-Тальго» ЖШС пойыздарының 20 жолсерігіне біліктілікті арттыру бойынша арнаулы курсты бітіргендері туралы сертификаттар табыс етілді.

«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы бар Wi-Fi желісін орнату жоспарланды  (ФОТО)

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап, Алматыдағы арнайы білім беру орталығының кәсіпқой мамандары «Жолаушылар тасымалы» АҚ сервистік қызметкерлерін «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне даярлап жатыр. «Бұл тренингті өткізудегі басты мақсат - жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру. Бұл жерде киімге, сөйлесу мәдениетіне, даулы жағдайларды шешу қабілетіне баса назар аударылады. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші қызметкерлер үш тілде еркін сөйлей білулері тиіс. Мұның барлығы шет елдік жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді өз сөзінде тренер-консультант Сабина Айнақұлова. Оның айтуынша, қызметкерлерге тек қана теориялық білім ғана емес, тікелей рейстер барысында практикалық дәрістер де беріледі. «Қазіргі таңда 240 адам ағылшын тілі бойынша арнайы курсты бітіргендіктері туралы сертификаттар алды. Қызмет көрсетуші қызметкерлерді оқыту биылғы жылдың соңына дейін жалғасады. Соның нәтижесінде 1000-нан астам жолсеріктер мен пойыз басшылары сертификаттар алады , - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры Айгүл Әбутәліпова. Сондай-ақ, А. Әбутәліпова бүгінгі таңда компания алдына ұлттық тасымалдаушының жаңа бет-бейнесін қалыптастыру міндеті қойылғандығын жеткізді. «Біз жолаушылар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Бұған қоса, шет елдік тәжірибелерге ұдайы сараптама жүргізіп тұрамыз. Енді жақын болашақта «Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы бар Wi-Fi желісін орнату жоспарланып отыр. Онда жолаушылар онлайн-кинотеатрлар арқылы лицензиялық фильмдер мен музыкалық және басқа да бағдарламаларды тамашалай алады», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры» Ол сонымен қатар, басқа да жолаушылар пойыздарында жолаушыларға көрсетілер қызмет сапасын арттыру бойынша нақты шаралар жүзеге асырылатындығын айтты.