Тұман, жел, көктайғақ: 25 наурызға ауа райы болжамы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет 25 наурызда еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.
Синоптиктердің болжауынша, ауқымды антициклон Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа-райын сақтайды. Тек елдің батысында атмосфералық фронтальды бөлімдердің әсерінен найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Республика бойынша тұман, солтүстікте, орталықта — көктайғақ, солтүстікте, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста — жел күшейеді деп болжанған.
Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында, таулы аудандарында желдің екпіні 23 м/с жетеді.
Ал Шымкент қаласында солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.
Ақмола облысында күн жылып, қар қарқынды ериді, қарғын су облыстағы өзендер мен салалардағы су деңгейін көтереді.
Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі.
Қарағанды облысының кей аумақтарын да тұман басады.
Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман болады. Оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с жетеді.
Павлодар облысында күн күрт жылып, қар жылдам ериді.
Солтүстік Қазақстан облысында да ауа температурасы күндіз 7-12 градусқа дейін көтеріледі.
Жетісу облысында солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні кей уақыттарда 30 м/с-тан асады.
Бұған дейін бүгін үш қаланың ауа сапасы нашарлайтыны туралы жаздық.