«Тұмар» әдеби-көркем журналының интернет сайты ашылды
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында республикалық «Тұмар» әдеби-көркем журналының интернеттегі сайтының таныстырылымы өтті.
Тұсаукесерге еліміздің танымал тұлғалары қатысып, редакция басшылығына өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Журналдың бас редакторы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың айтуынша, басылымның басты мақсаты прозаға, поэзияға, драмаға қалам тербеп жүрген жас жазушылар мен ақындардың өрісін ашу, оларға өз шығармашылығын танытуға мүмкіндік жасау.
Үш жыл бұрын ашылған басылымның оқырмандары және әрдайым тырнақалды туындыларын салып, бастырып тұратын авторлар саны да біршама артқан.
«Теледидар мен компьютер дәуірі өрлеп тұрған бүгінгі заманда әдебиет пен өнер қалыс қалып барады деген пікірлер басым. Алайда, әдемі өлең, көркем әңгіме, ойлы драма жазатын дарындылардың, халқымыздың кең-байтақ жеріміздің өмірін өрнектеген сөз шеберлерінің туындылары жоғарыдағы пікірдің шындыққа жанаспайтынын растап отыр», - дейді бас редактор.
«Қазақстандық жастардың шығармашылығынан сыр ағытатын әдеби-көркем журнал қазіргі қазақ әдебиетінің тылсым тұстары мен заманауи туындыларының айнасы іспеттес», - дейді тұсаукесерге келген жас жазушылар.
Сайт ақын Фариза Оңғарсынованың тікелей жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде жарық көруде. Аitumar.kz сайтында проза, поэзия, драма, мақалалармен және зергерлік өнер салаларымен қатар көркемсурет жанрлары да қамтылған.
«Тұмардың» оқырмандары көбейіп, қаражаты молайып жатса, қазақтың жас шығармашыл жастарының туындыларын ағылшын тіліне аудартып, шетелден келген әрбір қонаққа қазіргі заманғы төл әдебиетімізді көрсеткіміз келеді», - дейді Ф.Оңғарсынова.