«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі туралы 10 дерек

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Медиа саласындағы айтулы оқиғаға айналған «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі осымен екінші рет ұйымдастырылды. Салтанатты шара қатысушылары қызыл кілеммен жүріп өтті, жеңімпаздар көптен күткен жүлделерін алды, қуанышты сәттер жылы естеліктерге айналды.

«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі туралы 10 дерек

Биыл Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай өткізілген «Тұмар» - 2018 айрықша дайындықты талап етті. Ұйымдастырушылар бірнеше ай бойы үздіксіз еңбек етті.

Қазмедиа орталығы «Тұмар»-2018 бәйгесі туралы ТОП-10 деректі ұсынады.

1. Биыл телевизиялық бәйгенің 14 аталымы бойынша конкурстық жұмыстарды қабылдау 15 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізілді. Олардың ішінде қазақ телевизиясының 60 жылдығы мен Астананың 20 жылдығына арналған ерекше номинациялар бар.

2. Қазмедиа орталығында Қазақстандағы телевизияның даму тарихына, өткеніне, бүгіні мен болашағына арналған көрме қойылды. Онда Даңқ аллеясы, Алматыдағы Көктөбеде орналасқан телемұнара макеті болды.

3. Алғаш рет биылғы марапаттауда «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Жылдың үздік тележурналисі», «Жылдың үздік тележүргізушісі» сынды жекелеген аталымдарда үміткерлердің көңіл-күйлері экраннан қатар көрсетілді.

4. «Тұмар» бәйгесіне өтінімдерді қабылдау автоматтандырылған және kaztube.kz порталында жүргізіледі. Бұл кезеңде портал қаралым деңгейі 80 % артты, өтінімдер саны былтырғымен салыстырғанда  1,6 есеге көбейген (2017 жылы 240 өтінім түссе, 2018 жылы - 397). Нәтижесінде, барлық талаптарға сай толтырылған 355 өтінім қазылар алқасының қарауына жіберілді.

5. Байқаудың әділ өтуі және географиялық жағынан барынша қамтылуы үшін конкурстық жұмыстар kaztube.kz порталы арқылы жүргізілді. «Қазконтент» АҚ тәулік бойы техникалық қолдау көрсетті.

6. Биылғы қатысушылардың белсенділігі жоғары болды. 27 және 28 ақпан және 1 наурыз күндері 306 конкурстық жұмыс келіп түскен.  Қазмедиа орталығының Медиа-мектебі конкурстық өтінімдерді қабылдау, қазылар алқасының 15 мүшесіне көмек көрсету міндеттерін атқарды. 

7. Өңірлерге бөліп қарағанда Ақтөбе, Алматы,Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының телеарналары бәйгеге ерекше қызығушылық танытты.

8. Конкурстық жұмыстардың басым бөлігі «Үздік ағартушылық бағдарлама» (52), «Үздік әлеуметтік жоба» (39), «Үздік ойын-сауық жобасы» (37) және «Үздік деректі фильм» (28) аталымдарына келіп түсті.

9. «Тұмар» телевизиялық бәйгесіне арнайы ән жазылды. Оны Қымбат Досжан, Гүлжан Мұқышева, Лаура Жақыпова, Майя Бекбаева, Павел Цыбулин, Дархан Әбдуахит, Олег Журкевич, Ерболат Мұхамеджан сынды қазақстандық тележурналистер орындады.

10. «Транстелеком» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ бәйгенің бас демеушілері атанды. Сондай-ақ, Coraggio премиум-класс ерлер киімі бутигі, Whiteboutique кешкі және той көйлектері салоны, Samidel' қазақстанық дизайнерлік бұйымдар бренді, Damiani италиялық зергерлік бұйымдар бренді және Mercur Auto Қазақстандағы ірі көлік салоны ұйымдастырушыларға қолдау көрсетті.