Түмен қазақтары: Қазақстан XXI ғасыр мәселелерін асқан дәлдікпен еңсере алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше боп сайлануы - қазақстандықтардың ғана емес, тарихи Отанынан тыс жерде өмір сүретін жалпы қазақ халқының үлкен жеңісі, деп мәлімдеді Ресейдің Түмен облысындағы Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ыбыраев.
«Біз, Ресейдегі қазақтар, ата-баба жеріндегі оқиғаларды жіті бақылап отырамыз, әлемдік саясаттағы Қазақстанның жетістіктерін естігенде, кеудемізді мақтаныш кернейді. Әлемнің жүрегі саналатын Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстан Елбасының көреген саясатымен көп векторлы бейбіт саясат ұстанып, серіктестер мен достар санын арттыруда», деп атап өтті Түмен қазақтары автономиясының басшысы.
Ыбыраевтың айтуынша, Қазақстан тәуелсіз 25 жыл ішінде алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылу жолында нық сеніммен қадам басып келеді. Әлемдік бейбітшілікті нығайтуда біздің де еліміздің қосар үлесі бар. Қазақстан ХХІ ғасырдың ең басты мәселесі - террористік қауіпті асқан дәлдікпен еңсере алатынын көрсетті.