Ресейдің Түмен облысында су тасқыны қаупі төнген аймақ көбейді

Түмен облысында су тасқыны болуы мүмкін аумақ көбейді
Фото: Донат Сорокин/  ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – Түмен облысының билігі облыста көктемгі су тасқыны бойынша болжамын мәлімдеді. Ильинка ауылы маңындағы Есіл өзенінің деңгейі 2017 жылғы тарихи максимумынан асты.

Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынының өтуіне байланысты ең күрделі жағдай Орынбор, Қорған және Түмен облыстарында байқалып отыр. Орынбор облысында тасқын толқыны Орск және Орынбор қалаларын басып өтті. Бұл негізінен Ириклинск су қоймасынан төгілетін сулардың азаюына байланысты. Дегенмен бұл қалалардағы су деңгейі әлі де қауіпті деңгейден жоғары.

«Тасқын толқыны Жайық өзені ағысымен төмен қарай жылжып, Қазақстанмен шекаралас Елек ауылына жақындап келеді. Мұндағы су деңгейі қазірдің өзінде қауіпті құбылыс деңгейіне жетті», - деп хабарлады сәрсенбі күні Ресей президентінің қатысуымен өткен кеңесте Ресей ТЖМ басшысы Александр Куренков.

18 сәуірдегі жағдай бойынша Орынбор облысында 76 елді мекен мен 45 бауа-бақша серіктестігі, 15 мыңнан астам тұрғын үй, 23 мыңға жуық шаруашылық учаскелері және 26 суы төмен көпір су астында қалды. 35 уақытша орналастыру орталығында 1031 адам, оның ішінде 203 бала бар. Қорған облысында су тасқынынан зардап шеккен үйлер мен экономика нысандарының саны айтарлықтай аз. 25 елді мекенде 2 мыңнан астам тұрғын үй мен 3 мыңнан астам саяжай, 5 суы төмен көпір мен 8 жол учаскесі су астында қалды. Су деңгейі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Бүгінде су тасқыны Қорған қаласына жақындап, 987 см деңгейіне жетті. Алдағы күндері оның тарихи максимум – 11 метрге дейін жетеді деп шамаланып отыр.

«Түмен облысында 8 муниципалитетте суы төмен 12 көпір мен тасжолдың бір учаскесі су астында қалды. Бұл субъект бойынша болжам қолайсыз», - деп мәлімдеді Ресей ТЖМ басшысы. Ол жағдайдың дамуының ең нашар сценарийін жоққа шығаруға болмайтынын қосып өтті.

Есіл мен Тобыл өзендерінің суы қауіпті деңгейге тез көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл 31 мыңнан астам тұрғыны бар 94 елді мекендегі жеке тұрғын үйлердің аумағын су басуы мүмкін екенін білдіреді.

Соңғы жаңалықтар