Тұмса табиғат – Ұлттық музейде «National Geographic» журналының фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық музейінде «National Geographic» журналының «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері»  атты фотокөрмесі ашылды. Келушілер әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі жабайы аңдар суретін тамашалай алады. 

Ұлттық музей
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

Көрмеде «National Geographic» журналындағы жарияланымдар арасынан таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған.

«Осыдан 8 жыл бұрын осы күні «National Geographic Қазақстан» журналының алғашқы нөмірін шығарған едік. Сонда «Әлемді өзгерткен 50 үздік фото» көрмесін осы музейде ұйымдастырдық. Көрермендердің ыстық ықыласы мен жоғары бағасы бізді шабыттандырып, осы ағартушылық бағытта тұрақты түрде әлемдік деңгейдегі фотокөрмелерді өткізуді ұйғардық. Содан кейін «Тағам болашағы», «Киіктер», «Ақжайықты аялайық», «Алыс та жақын Америка», сирек, жойылып бара жатқан аң-құстар туралы «Фотоараша» көрмелерін ұсындық», - дейді «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақып көрменің тұсаукесерінде.

Көрме
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

«National Geographic Қазақстан» журналы өзінің миссиясы ретінде әлемнің 3 мыңнан астам зерттеушісін маңызды жобалары мен зерттеулерін қазақтілді аудиторияға тұрақты түрде қолжетімді етіп келеді.

«Сол арқылы қазақтілді жастардың, өскелең ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Әрбір фотографтың әлемдік деңгейде орны бар, олардың әрқайсысы зерттеуші және баяндаушы рөлін атқарады. Әр фотографтың өз стилі мен көзқарасы бар. Мәселен Беверли Жубер, Дэвид Дубиле сынды фотографтардың бірі буйвол шабуылынан жамбасын сындырса, екіншісі 20-дан астам сынық алып, ұзақмерзімді терапия алды. Ал Майкл «Ник» Николс 35 жасына дейін тұмса табиғатты түсіремін деп 25 рет безгек ауруымен ауырған. Сондықтан әр фотограф осындай қиын азаптарға төзуге дайын», - дейді «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы.

Көрме
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

Табиғат суреттерінің редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен әзірленген бұл көрме Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және National Geographic-тің басқа да ең танымал фотографтарының суреттерінен құралған.

көрме
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

Бұл фотолардан ажал таяп келгендегі аңның қорқынышын немесе төлін қорғаған ананың алпауыт күші сияқты ерекше фотоларды көруге болады. Ұйымдастырушылар бұл фотокөрмеден Жер планетасын аман сақтап қалу миссиясына бір қадам жақындауды көздейді.

«Мен «National Geographic» журналына «ерікті елші» ретінде қолдау көрсетіп тұрамын. Бүгінгі көрменің ерекшелігі – жабайы табиғат көріністері. «National Geographic» журналының негізгі миссиясы – адамның табиғатты, планетаны тануына, түсінуіне көмектесу. Шын мәнінде адамзат тарихында біз табиғатпен гармонияда өмір сүргенбіз. Өкінішке қарай, өндірістік революция басталғанда сол тығыз гармонияны жоғалтып алдық. Әсіресе қазір біздің балаларымыз виртуалды цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр, көп жағдайда табиғатты түсінбейді. Адамның табиғатты түсінбеуінен қоршаған ортаға қатысты экологиялық проблемалар басталады. Қоқысты дұрыс жинамау секілді күнделікті мәдениетімізден үлкен мәелелер жинақталады. Бір кездері National Geographic пластик тақырыбын алғашқы көтергендердің бірі болды. Сондықтан бүгінгі көрменің маңыздылығы – келешек ұрпақтың табиғатпен байланысын үзбеу, жабайы табиғаттың қандай керемет екенін балаларымызға түсіндіру», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Көрме
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

«Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде 25 ақпанға дейін жалғасады.

Көрме
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform