Түн ортасынан кейін жұмыс істеген: Астанада 7 мекеме карантинді бұзған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында карантин талаптарын сақтамаған 7 мекемеге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәселен, тексеру барысында Есіл ауданының мониторингілік тобы «Priton» лаундж-бары жұмыс режимін бұзғанын, ал «Greenway» экотауар дүкенінің қызметкерлері маска режимін сақтамағанын анықтаған.
Карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін Байқоңыр ауданындағы «Bleak house» ойын клубы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Сарыарқа ауданында орналасқан «Стамбул» кафесі түн ортасынан кейін келушілерді қабылдағаны белгілі болды.
Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, Алматы ауданында бір күнде карантин режимін бұзған үш мекеме анықталды: «Что будет дальше» бары, «Избушка» саунасы, «Alanya» клубы.
«Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан екі айдан астам уақыт бойы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл« аймақта тұр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Сол себепті, елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустың таралуын болдырмас үшін санитарлық дәрігердің қаулысында жазылған нормалар мен талаптарды, шектеу шараларын қатаң сақтауы керек», - деді қала әкімдігінен.