Түнде Алматы аспанынан аққан метеорит пе – министрлік жауап берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін түнде Алматының және Алматы облысының тұрғындары аспанда ерекше құбылысты байқады. Әлеуметтік желіде аспанда ұшқан объектілердің көптеген бейнежазбасы тарады. 

аспан
Фото: Видеодан скрин

Алматылықтар көктен түскен аспан денелері метеорит болуы мүмкін екенін топшылады. Алайда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі, бұл – жер атмосферасына кірген Starlink-31469 спутнигі болуы мүмкін екенін хабарлайды.

- В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институт мамандарының пікірінше, 13 маусымға қараған түні Алматы облысының тұрғындары байқаған ерекше құбылыс — Жер атмосферасына кіргенде бөлшектелген спутник қалдықтарының жануы. Бөлшектелген спутник 13.06.2024 күні Жер атмосферасына кіреді деп болжанған Starlink-31469 спутнигі болуы мүмкін, – деп хабарлайды министрліктен.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда таң ата күн ерекше қатты күркіреп, найзағай ойнағанын жазған едік.