Түнгі клубтардағы қауіпті әуестік: Елордалық жастар наркозға арналған газды тұтынып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — «Ойын-сауыққа арналған газ» сату фактісі бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызы мәлімдеді.

ночной клуб
Фото: pixabay

Маманның сөзінше, Астана полициясына соңғы уақытта түнгі клубтарда азот тотығы шарға үрленіп сатылатыны жөнінде ақпарат түскен. Арнайы рейдтер нәтижесінде мұндай фактілер расталған.

— Түнгі клубтарда тұрақты түрде рейдтер жүргіземіз. Жыл басынан бері азот тотығын сату бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды. Аталған газ толтырылған жүзден астам баллон тәркіленді, — деді ол.

Аталған газ, негізінде, медицинада наркоз және анестезия үшін қолданылады. Дегенмен, ойын-сауық орталықтарында оны қыз-жігіттер шардан демалып, ішке жұту арқылы психотроптық зат ретінде пайдаланып жүр. Себебі, лезде көңіл-күйді көтеріп, рахат сыйлап, мастандырады екен.

— Осы бір сәттік алдамшы ләззаттың ауыр салдары жөнінде жастар ойланбайды. Азоттың тотығы денсаулыққа — жүйке, психика және жүрек-қан тамыр жүйесіне өте зиян, — дейді Әлия Қибатқызы.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында «ойын-сауыққа арналған газ» сатумен айналысқан 10 мекеме иесі жауапқа тартылып, 400-ден астам баллон азот тотығы тәркіленгенін жазғанбыз.