«Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында 2 мыңнан астам рейд өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы ересектерге арналған ойын-сауық орнына балаларын апарған 3 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бұл жайында Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында 2 мыңнан астам рейд өтеді

«Балалардың физиологиялық, психикалық денсаулығын сақтау, ата-аналардың кішкентай балалармен бірге ересектерге арналған ойын-сауық орындарында болу мәселесіне қатысты келесіні хабарлаймын. Аталған фактілерге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдармен бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта (түнгі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін) заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болу фактілерін анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Нәтижесінде 2022 жылы 1,7 мың кәсіпкер мен 3 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, аталған іс-шаралар аясында ата-аналармен және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп атап өтеді Алтай Көлгінов.

Оның атап өтуінше, балалар денсаулығын нығайту бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында 60 мыңнан астам түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды.

«Сондай-ақ, 2023 жылы «Түнгі мекемелер – балалар үшін емес», «Балалардың бос уақыты үшін ата-аналардың жауапкершілігі» тақырыбында бейнероликтер шығару жоспарланған. Бұдан басқа, 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында балаларды рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу іс-шаралары көзделген. Сонымен қатар, «Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында 2 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар өткізілетін болады. Әсіресе темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салынған түнгі ойын сауық орындары тексеріледі. Нәтижелері бойынша іс-шара қолданылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.