Түнгі қаладағы балалар: СҚО-да үш түнде 22 дерек тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жазғы демалыс қарсаңында ювеналды полицейлер «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Нәтижесінде түнде жүрген жасөспірімдерге қатысты 22 дерек анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ювеналды полицейлер жазғы демалыс қарсаңында білім беру саласының қызметкерлерімен бірге түнгі көшелермен рейд жүргізді. Мамандар жалдамалы пәтерлер мен коттедждерді, супермаркеттер мен ойын-сауық мекемелерін тексерді.
Петропавл қаласының Интернационал мен Жұмабаев көшелерінің қиылысында полицейлер 17 жастағы үш қызды тоқтатты. Танысының үйінде отырып қалған олар ата-аналарына үйге таксимен оралуға уәде берген. Алайда қыздар сағат 23.00-ден кейін «серуендеуге» шешім қабылдайды. Олар осылайша, заң талаптарын бұзатындықтарын жақсы білген.
«Ата-аналарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша хаттамалар жасалды. Әсер ету шарасы – ескерту, егер ол қайтадан бұзылса, балалардың түнгі серуені үшін айыппұл төлеуге тура келеді. Жалпы 3 іс-шара өткен 3 күнде осындай 22 дерек анықталды. Сонымен қатар, бір заңды өкілге жасөспірімнің ішімдік ішкені үшін ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша жауапкершілік жүктелді. Заңдылықты бұзу кәмелетке толмағандардың оларға қатысты да қылмыс жасау қаупін тудыратынын түсіну маңызды. Бұл туралы түсінік беру үшін оқу жылының соңында ювеналды полиция қызметкерлері мектептер мен колледждердің оқушыларымен кездесулер өткізеді, заңнама талаптарын түсіндіреді, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы айтады», - дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.