Түнгі клубта төбелескен полицей шенінен айырылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда түнгі клубтың күзетшісімен төбелескен полиция майоры Ерлан Елтүзеровке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс деректерінде көрсетілгендей, оқиға 2017 жылғы қараша айында болған. Қостанай қалалық ІІБ «Оңтүстік» бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Елтүзеров танысымен бірге түнгі клубтың мейманханасында ішімдік ішкен. Мұнан соң олар рестобарға келген.
«Рестобарда қызмет дәрежесін пайдаланған Е.С. Елтүзеров күзетші А.И. Усенко тарапына балағат сөздер айтып, оған кеуде тұсынан қасақана бірнеше соққы жұмсаған», - дейді облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.
Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен полиция майоры Ерлан Елтүзеров кінәлі деп танылды. Ол қылмыстық заңбұзушылыққа жол бергені үшін 500 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ, сот оны полиция майоры шенінен айырып, 5 жылға мемлекеттік қызмет жұмысын атқару құқығынан шеттетті.