Тұңғыш «Қазақстан барысы» өзін жеңген балаға 50 мың теңге берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен әлем чемпионатының екінші күні көрермендер тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұлмен белдесу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұңғыш барыс иегерімен белдесуге көрермендер арасында үміткерлер көп болды. Ересектерден екі бірдей азамат шығып, ұтылып қалса, бүгін де 10 жасар бала Ұлан ағасымен күресуге бел буып, боз кілемге шықты.
Өзін Есет деп таныстырған жас бала Астанадағы мектептердің бірінде оқитынын, сондай-ақ, күрестен курстарға барып жүргенін айтты.
Баланың талабын қайтармаған Ұлан Рысқұл Есет бауырына күрестің қыр-сырын үйретіп, жеңісін сыйлап, 10 жасар Есетке 50 мың теңге сыйлықты өз қолымен тапсырды.
«Болашақта Ұлан ағам сияқты чемпион болғым келеді. Бүгінгі жеңісімді ата-анама сыйлаймын»,- деді Есет.
Ал Ұлан өз кезегінде бұл жастарды қазақ күресіне тарту, балаларды спортқа ынталандыру екенін айтып, Есет бауырына «шынықсаң шымыр да, чемпион да боласың, тек осы екпініңнен тайма деп ақ тілегін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше әлем чемпионатының бірінші күні корермендер үш дүркін Қазақстан барысы атанған Бейбіт Ыстыбаевпен күресу жарысында тағы бір 10 жасар бала «жеңіске» жеткен болатын.