Тұңғыш қазақстандық олимпиадашы Евгений Кадяйкин Азия ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежановпен кездесу барысында КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері, дене шынықтыру мен спорт озаты және Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы қазақстандық азамат Евгений Кадяйкин Азия ойындарына қатысатын спортшыларға батасын беріп, сәттілік тіледі.
Астанада өтетін 7-Қысқы Азия ойындарының ашылуына қатысатын бүгінде 82 жастан асқан спорт ардагері кездесуде Азия ойындарының маңыздылығын атап өтіп, ауыр жүк артып отырған спортшыларға өз тілегін білдірді. «Мен барлық спортшыларға жеңіс тілеймін! Олар Елбасы, ел, халық артып отырған сенімдерін, әсіресе бапкерлерінің үмітін ақтайды деп ойлаймын. Мен өз қызмет жолымда Қазақстанда 29, КСРО кезінде 1 рекорд жасап, 26 спорт шеберін, КСРО-ның 5 чемпионын, Қазақстанның 150-ден аса чемпиондарын дайындадым. Сондықтан бапкерлер мен спортшыларды қандай жауапкершілік күтіп тұрғанын түсінемін. Сондықтан бәріне сәттілік тілеймін!», - деді тұңғыш олимпиадашы, спорт ардагері Евгений Кадяйкин.
Ол сонымен қатар, Азия ойындары барысында өзінің сүйікті хоккей құрама командасына қолдау білдіретіндігін айтып, жеңіс тіледі.
Кездесуді ұйымдастырған Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов: «Спорт ардагерлері - біздің мақтанышымыз, жастар үлгі алатын тұлғаларымыз. Сіздердің жетістіктеріңіз қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосты», - деп атап өтті кездесуде.
Аудан басшысы ардагерге денсаулық тілеп, спорттық киім мен Азиада белгісі бар естелік кәдесыйларды табыс етті.