Тұңғыш Президент кітапханасында «Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының тұсаукесері өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің 25 жылдығы: қорытындылар, жетістіктер, болашаққа көзқарас» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының барысында көрнекті отандық дипломат Нұрлан Онжановтың «Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, саясаткерлер, сарапшылар және журналистер қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жаңа туындының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сириялық дағдарысты реттеу жолдарын іздеуге бағытталған белсенді әрекеттері және Елбасының Ресей мен Түркия арасында 2015-2016 жылдарда орын алған шиеленісті шешудегі маңызды рөліне арналғандығын атап өтті.
Кітап Н. Назарбаевтың Мәскеу мен Анкара арасындағы шиеленісті шешу, сондай-ақ Сириядағы аса қиын жағдайдан шығу жолдарын іздеу процесіндегі әлемдік лидерлер мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен сұхбаттарынан үзінділерге, қызықты фактілер мен материалдарға қанық.
Мемлекет басшысының халықаралық бастамаларымен қоса алғанда сириялық және Ресей мен Түркия мәселелеріндегі бітімгерлік белсенділігіне талдау жасай отырып, кітаптың авторы Н. Назарбаевтың әрекеттеріне халықаралық қауымдастықта бейбітшілік пен өзара сенім орнатуға бағыттау идеясы себепші деген қорытындыға келеді.
Сондай-ақ, кітапта Елбасының Ислам әлемінің одан әрі дамуы туралы пікірлері де келтірілген. Ислам Үмбеті ішіндегі алауыздық пен өзара жанжал секілді басты қауіп-қатерлерге көңіл аударылады. Қазіргі кезеңде мұсылман мемлекеттері арасында жік арта түсуіне байланысты 2016 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымының Ыстанбұл саммитінде «Ислам әлеміндегі татуластық» жөнінде Қазақстан мен Түркия президенттерінің бірлескен бастамасының өзектілігі артуда.
Іс-шараға қатысушылардың пікірлерінше Елбасының «Ислам» және «Прогресс» ұғымдары арасында теңдік белгісін мәңгілік орнату қажеттілігі туралы ұсынысы уақтылы және келешек ұрпақ үшін аса маңызды.
Жалпы, «Бітімгер: Сирия түйіні» кітабы сириялық шиеленістің 2011 жылғы басталуы мен 2017 жылғы маусымға дейінгі кезеңін қамтиды. Онда мына секілді көптеген сұрақтарға жауап табуға болады: Астанадағы сирияаралық келіссөздердің өткізілуіне кім мұрындық болды? Мәскеу мен Анкара арасындағы қарым-қатынастардың қалпына келтірудің ұзақ үдерісі қалай өтті? Барлық осы үрдістердегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі қандай?
Сириядағы дау-жанжал жалғасын тапса да, бүгінгі күні бұл қантөгіс қақтығысты тоқтатуға ықпалын тигізетін өзгерісті кезең келді.
Ресей, Түркия мен Иран басшыларының сирияаралық келіссөздерді Астанада өткізу туралы уақтылы бастамасы Сирияда атысты тоқтатуға жол ашты. Аталған мемлекеттер қазіргі күндері де бұл келісімдерді жүзеге асыру бойынша күш-жігерлерін салуды жалғастыруда. Сонымен қатар, Астана алаңы Женева процесіне демеу болып табылады. Қазақстан келіссөздердің екі алаңда да жүргізілуін қолдайды.
Жанжалды реттеу үшін Сирия ішіндегі және сырттағы барлық мүдделі тараптар күш-жігерлерін біріктіру қажет.
«Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының басты ой өзегі осы.
Кітап тарихшыларға, саясаттанушыларға, студенттерге және саясатқа қызығатын барлық оқырман қауымға қызықты болады.