Тұңғыш Президент күні мерекесі қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттік тұтастығын білдіреді - Қ. Сұлтанов
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні мерекесі қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттік тұтастығын білдіреді.
Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті.
«Біз бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі алдында кездесіп отырмыз. Жалпы мемлекеттердің тарихында, дүниежүзілік тәжірибеде қандай да бір мереке халықтың рухани өмірін толықтыратын жаңа дәстүр. Бүгін осындай жаңа дәстүр біздің мемлекетімізде қалыптасып, аталып өтейін деп отыр. Бұл мейрам қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттік тұтастығын білдіреді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында президенттік билік өзінің оң нәтижесін көрсетті», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Еске салсақ, аталған шара Тұңғыш Президент күніне орайластырылып отыр. Осынау өкілетті форумға танымал саясаткерлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері қатысуда. Осы үнқатысу алаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің заң шығару органының қалыптасуы мен жетілуі жолындағы ерекше еңбегі жайында әңгімелер айтылды.