Тұңғыш Президент күніне орай Астанада тоғызқұмалақтан «Жас дарын» қалалық ашық турнирі өтеді

Турнирге Астана қаласының ең үздік 32 жас спортшысы қатысады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады.
Тоғызқұмалақ ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, толық қалыптасқан спорт түрi. Ол әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнерi.
ҚР ҰСТҚ тоғызқұмалақ ойынын жоғары деңгейде насихаттап, бұқараның қызығушылығын арттыруды мақсат етіп отыр. Ол үшін түрлі ынталандыру шараларын жүзеге асыратын бастамалар қолға алынуда. Қауымдастық төл өнеріміздің өзге спорт түрлерімен иық теңестіріп, халықаралық деңгейге көтерілуі үшін мемлекеттің айрықша қамқорлығы қажет екенін ескере отырып, тоғызқұмалақ жанашырлары мен ұлттық спортқа еңбек сіңіріп жүрген адамдардың тиісінше құрмет көріп, лайықты бағасын алуына мүмкіндік тудыруды көздейді.
Тұңғыш президент күніне орай Астанада жасөспірімдер арасында өткізіліп жатқан ашық турнир сол игі бастамалардың іске аса бастағанын білдіреді. Жарыстың басты мақсаты - жастардың отаншылдық сезімін нығайту, ұлттық құндылықтарға, дәстүрлі спортқа деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру, тоғызқұмалақ ойынын жастар арасында кеңінен насихаттау.
Жарыстың осы бір атаулы күн қарсаңында өткізілуі оның маңыздылығын арттырып, турнирдің дәрежесін көтереді. Елбасы «Мәңгілік ел» идеясына және «Зияткер ұлт-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай отырып қол жеткізе алатынымызды айтқан. Сондықтан алдағы уақытта Тұңғыш президент күні тоғызқұмалақтан ашық турнир өткізіп тұру дәстүрге айналмақ.
Жарыс Астана қаласыындағы «Жастар» сарайында өтеді.
Күнсұлтан Отарбай