Тұңғыш Президент мұражайында Ренат Елубаевтың жеке көрмесі ашылмақ
Көрме музейдің шығармашыл жастарды қолдауға арналған «Үкілі үміт» атты жобасының аясында ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының баспасөз қызметінен.
Ренат Елубаев 1982 жылдың 18 қыркүйегінде Арқалық қаласында дүниеге келген. Жастайынан сурет салумен айналысқан ол Торғайда өткізілген көркемөнерпаздар байқауында екінші орынды иеленіп, үшінші сыныпта оқып жүргенінде-ақ алғашқы жетістігіне қол жеткізеді. 1999 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2002 жылы Қостанай қаласында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында бірінші орынды иеленді.
2003 жылы елордаға келген Ренат өзін дарынды ақын әрі кинорежиссер ретінде таныта бастайды. Оның сөздеріне жазылған әндерді Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының әншілері орындайды. 2005 жылы ол халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанады. 2008 жылдан бастап режиссерлік қызметпен айналысып, «Көлеңке», «Полигон», «Бұзақы» сынды бірнеше толықметражды фильмдерді түсіреді.
Алайда, Р.Елубаев бейнелеу өнерін өзінің басты өмірлік ісі деп табады. Қажымай еңбектенген жас суретші әртүрлі мәнерлер мен техникаларды игереді. 2012 жылы Астана қ. Орталық қалалық кітапханасында Ренаттың алғашқы жеке көрмесі өтті. 2013 жылы оның жұмыстары Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастырған «Қазақ халқының дәстүрі, тарихы және поэмалары» атты көрмеде көпшілік назарына ұсынылды.
«Көңіл суреті» көрмесінде автордың импрессионизм мәнерінде орындалған туындылары ұсынылып отыр. Қылқалам шеберінің қаламынан 2013-2014 жж. туындаған бұл еңбектер бейнелеу өнерінің барлық қыр-сырын қамтыған жас суретшінің өзіндік қолтаңбасын тануға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Көңіл суреті» көрмесі 23 мамырға дейін жалғасады.