Тұңғыш Президент: Отбасын асырау - еркек адамның басты міндеті
ШАМАЛҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының Шамалған ауылында халықпен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көпбалалы аналарға, тұрмысы нашар адамдарға көмек жасалып жатыр. Ең төменгі жалақы жыл басынан 1,5 есе көбейтіледі. 1 сәуірден бастап көпбалалы аналарға, әр балаға, табысы төмендерге көмек беріліп жатыр. Бірақ, мемлекеттен «бере бер» деп отырмай, жұмыс істеу керек. Қай қазақ баланы туғызып, көршісіне асыра деп берген? Еркек адамның «баланы туғыздым, өзім асыраймын, жеткіземін» деген намысы болуы керек. Дүниежүзінде солай. Бала-шағасын асырау адамның өз басындағы міндеті. Бізді аналарымыз солай асырады. Біз де солай өскен адамбыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент қазіргі күні мемлекеттің жағдайы жақсы екенін, индустриялық, ауыл шаруашылығы салалары дамып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында Елбасы «Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда - қазан» деген нақылдың маңызына тоқталып, жас ұрпақ туралы сөз қозғады.
«Жас ұрпақ өсіп келеді. Жаңадан ел болып келе жатыр. Шамалғанда 20 мың адам тұрады. Шамал деген атын қайта әкелдік. Туған жеріміз паспортта Шамалған деп жазылған, оны өзгертіп қайтеміз. Әрқайсыңызға денсаулық, бақыт, сәулетті өмір тілеймін», - деді Тұңғыш Президент.