Тұңғыш Президент - парламентаризмнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы - Мәжіліс спикері
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті - парламентаризмнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы. Бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» атты халықаралық конференция барысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай айтты.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мемлекеттілікті құру мен дамыту үшін заңнамалық биліктің рөлі мен ықпалын күшейту қажеттігін баса айтқан болатын»,- дей келе Нұрлан Нығматулин одан әрі қазақстандық парламентаризм тарихындағы маңызды кезеңдерге тоқталды. Осы ретте спикер Елбасы бастамасымен дайындалып, 1995 жылы референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияға назар аударды. Оның айтуынша, дәл осы негізгі заңда алғаш рет «парламент» түсінігі ресми бекітіліп, оның заңнамалық қызметтерді жүзеге асыратын еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы болып табылатындығы анық айтылды. «Шын мәнінде Қазақстан екі палаталы парламенттік жүйеге таңдау жасаған кеңестік кезеңнен кейінгі алғашқы унитарлы мемлекет болды. Ал осы қос палаталы парламенттік жүйеге өту заң шығармашылық үдерісінің тиімділігі мен ықпалдылығын арттырып қана қоймай, сондай- ақ, Қазақстанда демократия орнатудың тағы бір қадамына айналды», - деді Н. Нығматулин. Оның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып табылатын 2007 жылғы конституциялық реформа Қазақстанда парламентаризмді дамытудың заңды жалғасы болып табылады. Бұл реформа нәтижесінде сайлаушылар жекелеген үміткерлерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс беру мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Сонымен қатар, конституциялық реформа аясындағы басты жаңалықтарының бірі Қазақстан Халқы Ассамблеясына еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде түрлі этностардың өкілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым ретінде конституциялық мәртебе берілуі болды. «Қазақстан Парламенті Жоғарғы Кеңестен екі палаталы кәсіби заңнамалық органға дейінгі күрделі жолдан өтті. Парламентаризмнің қазақстандық үлгісі өзінің тиімді заң шығармашылық қызметі арқылы мемлекеттің экономикалық өркендеуіне, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық келісім мен бейбітшілікті сақтауға қабілетті екенін дәлелдеді»,- деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.