Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінің 1-ші және 7-ші сыныптарында оқуға өтініштер қабылдана бастады
АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елордалық Тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінде 1-ші және 7-ші сыныптарға түсу ережелері жөнінде баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бос орындарға қабылдау емтихандарына қатысу үшін өтініштер маусымның 15-інен бастап шілденің 28-іне дейін қабылданады. Қазірдің өзінде 700-ге тарта үміткер тіркелген. Байқауға қатысу үшін арнайы құжаттар тапсырылуы тиіс. «1-6-шы сыныптарда оқыту жартылай мемлекеттік-әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Оқудың бір жылы 360 мың теңгені құрайды. Ал 7-сыныптың және одан жоғары оқитын оқушылар Президент грантына үміттенеді. Оларды мемлекет қаржыландырады», - деп атап өтті мектеп директорының міндетін атқарушы Равиль Якупов.
Оқушылар таңғы сағат 8-ден 5-ке дейін мектеп қабырғасында білім алады. Сондықтан алғашқы бірінші сыныпқа түспек болған бала психологиялық-педагогикалық диагностикадан өтеді. Ал сынып сатысы жоғарылаған сайын, оған түсу ережелері де қиындай түседі. Мәселен, 2-4-ші сыныпқа үміткер 4 пәннен емтихан тапсырса, 5-11-ші сыныпқа баратын оқушы 2 кезеңнен тұратын байқаудан өтеді.