Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумды өткізу Ата заңымыздың рухына сай келеді - заңгерлер қоғамдық бірлестігі
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумды өткізу Ата заңымыздың рухына сай келеді,- дейді Алматыда өткен «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің мәжілісіне қатысушылар.
ҚазАқпарат осынау мәжілістің қорытындысы бойынша заңгерлер қабылдаған үндеудің мәтінін назарларыңызға ұсынады.
«Заңгерлер әділетті сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Үндеуі
Құрметті қазақстандықтар, қадірлі заңгер-әріптестер!
Біздер - «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, миллиондаған отандастарымыз - Қазақстан Республикасының азаматтары секілді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастаманы қызу қолдаймыз.
Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі орнығуы жағдайында, еліміз үшін әлеуметтік ілгерлеуге қаратылған стратегиялық бағыттың қалыпты әрі дәйектілікпен іске асырылғаны, ішкі және сыртқы саяси басымдықтардың ұлтаралық татулық, өзара сенім, дәстүрді құрметтеу, ашықтық және төзімділік негізінде жүзеге асырылғаны қажет екеніне біз сенімдіміз. Жаңа еуро-азиялық қауіпсіздікті құру, посткеңестік кеңістіктегі интеграцияны әсіресе таяудағы онжылдықта жалғастыру және тереңдету халықтың ерік-жігеріне негізделген берік сабақтастыққа сүйенуге тиіс.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың конституциолизм идеяларына ден қойғандығы және оның сан қырлы қайраткерлік қызметі арқасында Азамат пен Мемлекет арасында барған сайын сенімнің артып, өзара қарым-қатынас қалыптасқанын; адамдардың сана-сезімі мен тұрмыс-тіршілігіне конституциялық құндылықтар сіңгенін; халықтың құқық мәдениетінің және оның билікке деген сенімінің деңгейі өскенін, құқық қорғау органдары мен соттардың, бүкіл құқық қорғау механизмінің кәсібилігі және жұмыс тиімділігі артқанын біз көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы бекіткен 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының іске асырылуы барысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдік, кәсіпкерлердің қорғалу деңгейі арта түседі; заңнаманың жаңа салалары мен бағыттары пайда болады; біздің құқығымыз заманауи, жедел әрі практиканың қажеті мен адамдардың мұқтажына ыңғайластырылған болады.
Құқықты қоғамның шын мәніндегі жасампаз күшіне айналдыру үшін осынша қажыр-қайрат жұмсап жүрген Елбасын біз қазіргі мемлекеттер мысалынан таба алмаймыз. Заңгер-ғалымдар, құқық пәнінің оқытушылары, жеке және жария құқық секторындағы, қоғамдық бірлестіктердегі заңгерлер, адвокаттар және нотариусар Республика Президентінің жан-жақты қолдауын сезінеді, баршамыздың және әр біріміздің мүддемізге жауап беретін, еліміздің одан әрі серпінді дамуының құқықтық векторын қамтамасыз етуге қабілетті тұлғалар ретінде олар өздерінің биік әрі жауапты миссиясын ұғынады.
«Заңгерлер әділетті сайлау үшін» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу үшін, қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияның, «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңдардың, өзге де конституциялық және жай заңдардың идеялары мен ережелеріне, сондай-ақ мемлекеттік құрылыстың қолдағы шетелдік тәжірибесіне негізделген қажетті құқықтық шарттардың бәрі бар деп сенім білдіреді.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы, осы билікті өзінің өкілдері арқылы ғана емес, Конституцияның 3-бабының 2-тармағына сәйкес тікелей республикалық референдум арқылы да жүзеге асыратын Қазақстанның егемен халқы бұл мәселенің бүкілхалықтық дауыс беруге қойылуына бастама жасауға және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығында бұл мәселе бойынша тарихи әділ және мейілінше құқықтық шешім қабылдауға ежелден құқылы.
Біз барлық қазақстандықтарды және бірінші кезекте, заңгер әріптестерімізді республикалық референдум өткізу туралы идеяны жан-жақты қолдауға, оған бастама жасаушыларға барынша көмектесуге, мемлекеттің отандық, шетелдік және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істеуге үндейміз.
Қазақстан заңгерлері - референдумды қолдайды, оны өткізу Халықтың ерік-жігеріне, ел Конституциясының атына да, затына да сәйкес келеді.