Тұңғыш Президенттің «Өркен» грантына 341 оқушы ие болды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Кеше министр Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен ҚР Білім және ғылым министрлігінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өткізілді.

Тұңғыш Президенттің «Өркен» грантына 341 оқушы ие болды

Республикалық комиссия Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-9 сыныптарында білім алатын оқушыларды іріктеу конкурсының нәтижелерін қарады.

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу 2011 жылғы 12 қыркүйек пен 27 қазан аралығында жүргізілді. Оқушыларды қабылдау қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 7, 8, 9 сыныптарда жүзеге асырылды. Тұңғыш Президенттің «Өркен» грантын тағайындау конкурсында 336 үміткер тиісті шектеулі балды алды, оның ішінде 100-ден астамы - ауыл мектептерінің оқушылары.

Комиссия мүшелерінің қарауына 341 үміткердің материалдары ұсынылды, олардың 336-сы Батыс-Қазақстан облысының 7-9 сыныптарының оқушылары, қалған 5-еуі Көкшетау, Талдықорған, Өскемен қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің резервтік тізіміндегі үміткерлер.

Республикалық комиссияның шешімі бойынша 341 оқушы білім беру грантының иегерлері болды.

Бүгінгі таңда Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарды орнатудың аяқталу кезеңі жүргізіліп жатыр. Оқу мемлекеттік комиссияның объектіні қабылдауынан кейін басталады. Оқудың басталуы туралы грант иелері қосымша ақпараттандырылады.