Тұңғыш рет әскери бөлімшелерді әуе арқылы көшіру жүзеге асырылып жатыр - ҚР Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұңғыш рет Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік даярлықты қорытынды тексеру барысында бірнеше бөлімшені бір өңірден басқа өңірге әуе көлігімен жедел жеткізу жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Бұл бөлімшелер «Іле» оқу-жаттығу полигонында, Қапшағай су қоймасында және «Тұйық су» оқу-жаттығу орталығында таныс емес жерде бағдарлау сынағынан өтетін болады.
Сонымен қатар, тексеру барысында атыс даярлығынан сынақ тапсырылып, бөлімше құрамымен жауынгерлік тапсырманы орындау мүмкіндігі сыналатын болады. Осы бөлімшелердің әскери қызметшілері парашютпен секіріп, жеңіл сүңгуір даярлығынан сынақ тапсырады.
Қазіргі уақытта қорытынды тексеру жалғасуда. Бұл іс-шараларға Қазақстан армиясының бүкіл жеке құрамы қатысады.
Қараша айының екінші жартысында ҚР Қарулы Күштеріндегі жауынгерлік даярлықтың қорытындылары шығарылып, олардың нәтижесі бойынша үздік әскер түрлері мен тектері, өңірлік қолбасшылықтар, құрамалар, бөлімдер мен бөлімшелер айқындалатын болады.
ҚР Қарулы Күштеріндегі тексеру қорытындылары шығарылған соң келесі жылға міндеттер қойылып, әскерлер даярлығында негізгі күш жұмсалатын басым бағыттар белгіленеді.