Тұңғыш рет ШЫҰ саммиті астанасының таныстырылымы өтті

 БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде 14 сәуір күні «Астана - ШЫҰ саммитінің және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің астанасы» атты бейнетаныстырылымы мен фотокөрмесі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің Қытайдағы меншікті тілшісі.

Тұңғыш рет ШЫҰ саммиті астанасының таныстырылымы өтті



Шара ШЫҰ мен ҚР Қытайдағы елшілігі тарапынан ұйымдастырылды. Оған Бейжіңде жұмыс сапарымен жүрген Астана әкімі Әсет Исекешев пен ШЫҰ-на мүше елдердің дипломаттары қатысты.

 

«Біз бүгін ШЫҰ саммитін қабылдайтын, төрағалық етуші елдің астанасының таныстырылымын жасап отырмыз. Біз үшін бұл өте бір ерекше оқиға. Ал алдыда бізді тарихи оқиға күтіп тұрғанын еске алсақ, оның ерекшелігі одан сайын арта түседі. Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына байқаушы ретінде 12 жыл бұрын тап осы Астанада қабылданып еді. Биылғы жылы байқаушы екі ел халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болады деген үміттеміз»,-деді ШЫҰ-ның Бас хатшысы Рашид Алимов.

 
Ол сөзінде өткен аптада Астанада болғандығын еске салды.

«Мен Астанан қызықты, әсем де, ылғи жылышырай танытып тұратын қала екендігін ашық айтқым келеді. Оны біздің планетамыздағы мемлекеттердің астаналарының арасындағы маржаны деуге болады»,-деп атап өтті дипломат.

Өзінің сөзінде елорда әкімі Әсет Исекешев Астананың ШЫҰ саммиті мен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындығы туралы айтты. Ал Қазақстанның Қытайдағы елшісі Ш.Нұрышев болса, Қазақстанның ШЫҰ-на төрағалығы туралы сөз қозғады.