Тунисте ИКҰ Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 4-ші отырысы өтті
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат. Қазанның 5-6 -да Тунис қаласында Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 4-ші отырысы өтті. Аталған шараға ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі М.Тұрмағамбетов бастаған Қазақстан делегациясы қатысты,
деп хабарлайды ИКҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі.
Қазақстан Республикасының мұсылман елдері арасында аумағы үлкен және индустриясы ілгерілігі ескеріле отырып, министрлер отырысына қатысушылар ҚР жасыл технологияларды дамыту және қалыпты даму салаларындағы бастамаларын ризалықпен қарсы алды. Осы орайда ҚР Президенті Н.А.Назарбаев ұсынған және Астанада өткен Азия-Тынық мұхиты аймағының Қоршаған орта және даму министрлерінің 6-ші конференциясына қатысушылар бекіткен «Жасыл көпір» атты бағдарлама жоғары бағаға ие болды.
Жұмыс сапары барысында вице- министр М.Тұрмағамбетов баяндама жасады, сондай-ақ Тунис президентi Зин Әл Абидин бен Алимен және осы елдің Қоршаған орта және бiрқалыпты даму министрі Надир Хамадамен, басқа да делегациялар басшыларымен кездесті. Кездесулер барысында ол Еуропа және Азия-Тынық мұхиты аймағының экологиялық тұрақтылық күш-қуатын біріктіру саласында «Жасыл көпір» бағдарламасы аясында Қазақстан Елбасы ұсынысының мән-мағнасын толық баян етті. Сонымен бірге 2010-2014 жылдар аралығында ҚР қоршаған ортаны қорғау және табиғи экожүйесін қалпына келтіру туралы «Жасыл даму» бағдарламасын таныстырды.