Тунисте коменданттық сағат күшін жойды
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Тунис билігі ел өкіметке қарсы толқулар басталғаннан кейін елге енгізілген коменданттық сағаттың күшін жоюға шешім қабылдады.
Тунистік TAP агенттігіне сілтеме жасап "Лента.ру" хабарлағандай, Ішкі істер министрлігінің тиісті өкімі 15 ақпанда, сейсенбіде жарияланды.
Сонымен бірге, құжатта 14 қаңтарда енгізілген төтенше жағдай тәртібі ерекше ұйғарымға дейiн әрекет етеді.
Агенттік атап өткендей, бұл Тунис азаматтарына көпшілік орындарда (көшелер мен алаңдарда) үш адамнан көп жиналуға тыйым салынады деген сөз, ал құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бұйрыққа бағынбаған жағдайда кез келген күдікті тұлғаларға қарсы қару қолдануға рұқсат етіледі.
Төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат (адамдар мен автокөліктерге түн жарымнан таңғы 4-ке дейін көшелерде жүруге тыйым салынды) Тунистің бұрынғы басшылығы кезінде енгізілген болатын. Бұл шаралар, дегенмен, өкіметке қарсы әрекетті тоқтата алмады. Тәртіпсіздіктер мен шерушілердің полицейлермен қақтығысы салдарынан 100-ге дейін адам құрбан болды. Шеру басталғаннан кейін, бірнеше күннен соң президент Зин әл-Абидин Бен Әли елден қашты.