Тунистегі лаңкестік оқиғадан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақовтың ақпаратына сүйенсек, Тунистегі қарулы шабуыл кезінде зардап шеккендердің арасында қазақстандық азаматтар болмаған.
Каир қаласындағы және қосымша Тунистегі Қазақстан Елшісі Тунис Ішкі істер министрлігінен осы елдегі терракт салдарынан зардап шеккендердің арасында еліміздің азаматтары жоқ екендігін растаған жауап алды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы. Еске салсақ, кеше, 26 маусымда Тунистегі танымал Сус жағажайына шабуыл жасалды. БАҚ ақпаратына сүйенсек, лаңкестік құрбандарының саны 39- адамға жеткен. Тунистегі оқиғаны «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы ұйымдастырған.