Тунистегі төңкерістің салдарынан 78 адам қаза тапты
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Тунистегі мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде, ең аз дегенде 78 адам қаза тапты.
Билік өкілдерінің хабарлауынша, олардың қатарында наразылық білдірушілер де, бейбіт тұрғындар да бар. Елдің ішкі істер министрі Ахмед Фриааның айтуынша, тағы 94 адам жарақат алған. Күш-қуат құрылымдарының өкілдерінің арасында да адам құрбандары бар екенін мәлім еткен министр, бірақ олардың санын нақтылаған жоқ, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Ел экономикасына келіп отырған шығын 3 миллиард долларды құрап отыр. 85 полиция учаскесі, 13 мэрия, 43 банк, 11 зауыт және 66 дүкен немесе сауда орталықтары зардап шеккен немесе қиратылған.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қаңтарда Тунисте мемлекеттік төңкеріс болып, ел президенті 74 жастағы Зин бен Әли Сауд Арабстанына қашып кетті. Оған дейін президент, елде төтенше жағдай енгізіп, үкіметті таратып, парламентке жедел мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдап үлгерген болатын. Президент елден қашып кеткеннен кейін елдің жоғары билігі алдымен премьер-министр Мохаммед Ганнушиге көшті, ал 15 қаңтарда парламент спикері Фуад Мбазаа мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарушы ретінде ант қабылдады. Ганнуши коалиция үкімет құру туралы ұсынысты қабылдап отыр.