Тунистің бұрынғы президенті 22 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Тунистегі сот экс-президент Монсеф Марзукиді сырттай 22 жылға бас бостандығынан айырды. Саясаткер – қазіргі Тунис президенті Каис Саидтың ашық сыншысы, деп жазды DW.

Тунистің бұрынғы президенті 22 жылға сотталды
Фото: DW

Сот шешімі туралы 21 маусым, сенбі күні Reuters агенттігі хабарлады. Қазіргі билікке оппозициядағы 79 жастағы Марзуки мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндірді деп айыпталып отыр. Ол қазір Парижде қуғында жүр.

– Менің бұл судьяларға айтарын: сендердің үкімдерің заңсыз… Жақында сендердің өздерің сот алдында боласыңдар. Демократия қайтып оралады, – деді Марзуки үкімге байланысты пікірінде.

Марзуки 2011–2014 жылдар аралығында Тунистің президенті болған. Ол Каис Саидты парламентті таратып, авторитарлық режим орнатты деп айыптап келеді. Ал Саид өз әрекеттерін ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау мақсатында жасалған қажетті қадамдар деп түсіндіреді.

Бұл – Марзукиге шығарылған үшінші сот үкімі.

Тунистегі экономикалық дағдарыс және саяси тұрақсыздық

Тунис бірнеше жылдан бері экономикалық дағдарыс жағдайында өмір сүріп келеді. Халық кофе, сүт, қант сияқты негізгі азық-түліктерге қол жеткізуде қиындық көріп отыр.

2021 жылдың жазында президент Саид үкіметті таратып, парламенттің жұмысын тоқтатты. Кейін ол жаңа Конституция қабылдатып, өз өкілеттіктерін кеңейтті. Алайда, Reuters мәліметінше, Саид билікті күшейткеніне қарамастан, елдегі экономикалық жағдайды жақсарта алмады.

2023 жылғы жаппай наразылықтар

2023 жылы Тунисте президент Саидтың отставкасын талап еткен жаппай наразылықтар бірнеше рет өтті.

Каис Саид президенттікке 2019 жылы тәуелсіз кандидат ретінде сайланып, екінші турда «Тунистің жүрегі» партиясының үміткері Набил Каруиді жеңіп шыққан. Ол 72,71% дауыс жинаған болатын. 2024 жылы қайта сайлауға түсіп, бірінші турда-ақ 90,69% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар